Ағылшын тілі грамматикасы. 8-сабақ: Есімдіктер (Pronouns)

8

Есімдіктер (ағл.: Pronouns) — тұлғаға, затқа, заттың сынына және санына, үстеуге сілтеме жасап (олардың орындарын ауыстырып), бірақ оларды атамай, басқаша сөздермен (есім сөздермен) алмастыратын сөз табы. Есімдіктердің лексикалық мағынасы жоқ, сөйлемнің мағынасын өзгертпейді. Есімдіктер алдыңғы сөйлемде немесе ойда айтылған сөздердің орнын ауыстырады. Мысалы:

Асан сыныптағыларды жақсы танымайды. Өйткені ол сыныпқа жаңадан келді.

Жоғарыдағы мысалда екінші сөйлемдегі “ол” деген есім сөз (жіктеу есімдігі) алғашқы сөйлемдегі “Асан” сөзін алмастырып отыр. Мысалдар арқылы есімдіктер қазақшасында түсінікті болар. Енді ағылшынша мысал келтірейін. For example:

John studies at Alash National University. He is one of the best students — Джон Алаш Ұлттық Университетінде оқиды. Ол — үздік студенттердің бірі.

Ағылшын тілінде есімдіктердің төмендегіше көптеген топтары мен түрлері бар:

жіктеу есімдігі (Personal Prn.) — I (мен), you (сен, сіз), he (ол — еркек), she (ол — әйел), it (ол — жануарлар, жансыз заттар), we (біз), they (олар);

тәуелдеу есімдігі (Possessive Prn.) — my (менің), your (сенің, сіздің, сіздердің), his (оның), her (оның), its (оның), our (біздің), their (олардың);

сілтеу есімдігі (Demonstrative Prn.) — this (мынау), that (анау), these (мыналар), those (аналар);

сұрау есімдігі (Interrogative Prn.) — who немесе whom (кім немсе кімге), what (не), whose (кімнің), which (қайсы);

белгісіздік есімдігі (Indefinite Prn) — some, any, (some мен any-дің туындылары: somebody (белгісіз біреу), anybody ( кез-келген біреу), somewhere (бір жерде), anywhere (кез-келген жерде), something (бірдеңе, бір нәрсе), anything (кез-келген бірдеңе), someone (біреу), anyone (к-к біреу)), one (біреу, кей біреу);

қатыстық есімдігі (Relative Prn.) — who (те, кто немесе тот, кто (который)) немесе whom (которого не-се кого), what, which (который), whose (чья, чей), that (что не-се то, что);

Ескерту! Қатыстық есімдіктердің қазақ тілінде тікелей аудармасы жоқ. Қатыстық есімдіктер мен сұрау есімдіктерінің жазылулары бірдей болғанымен, мағыналық айырмашылығы жер мен көктей. Шатастырып алмаңыздар. Екеуіне екі бөлек тоқталатын боламыз алда. Бұл тақырыпқа толығырақ толталғанша бастарыңыз қатпасын деп, қазір тек бір мысал келтіре кетейін. Мыс: The man who was here is our boss — Осында болған кісі — біздің бастығымыз. Ал орысшасы: Человек, который был здесь, наш шеф.

өздік есімдігі (Reflexive Prn.) — myself (өзім), yourself (өзің), himself (өзі), herself (өзі), itself (өзі), oneself (өзі — белгісіз біреу), ourselves (өзіміз), yourselves (өздерің, өздеріңіз), themselves (өздері);

ортақтық (өзаралық) есімдігі (Reciprocal Prn.) — each other (бір-бірін — адамдар мен заттарға қатысты), one another (бір-бірін — екі немесе одан көп адамдарға және заттарға қатысты);

болымсыздық есімдігі (Negative Prn.) — no (… емес), none=no one (ешкім), neither (ешкім, ешбірі), nobody (ешкім), nothing (ештеңе), no one (ешкім).

Байқаған болсаңыздар, бас қататындай-ақ сабақ. Есімдіктерді бір немесе екі-үш сабақпен қорытып, игеріп кету өте қиын (жоғарыда жазылғандары әлі барлығы емес). Тіпті, сабақты жасаған менің өзім түсіндіру барысында қиналыңқырап қаламын. Себебі, көп жағдайларда қазақ тілі мен ағылшын тілдерінің табиғаттары екі бөлек болып келеді. Қазақша ешбір баламасы (аудармасы) жоқ сөздер бар. Есесіне, орыс тіліндегі баламалары сабақты тез әрі нақты түсінуге көмектеседі. Егер орыс тілін де түсінбейтін болсаңыз, қам жемеңіз. Қазақша сөйлемдермен ұзақ әрі ұғынықты түсіндіруге тырысып бағамын. Бұдан бөлек тағы 3-4 сабақ осы есімдіктердің түрлерін игеруге арналатын болады.

Бұл сабақтан үйренеріңіз:

  • есімдіктерді топтарына қарай жаттау;
  • есімдік топтарының ағылшынша атауларын жаттау.

Поделиться в соц. сетях

0

8 Comments

  1. Мақсат on

    қатыстық есімдігі (Relative Prn.) — who (те, кто немесе тот, кто (который)) немесе whom (которого не-се кого), what, which (который), whose (чья, чей), that (что не-се то, что);

    бұл түсын да қазақшалаға дұрыс еді, мысалы, кім, не, қашан дегендей..

    • @Мақсат, әр түрлі есімдіктерге арналған жеке тақырыптар бар. Сол жерде қазақшасы толық жазылған.

      • @Мақсат, әр түрлі есімдіктерге арналған жеке тақырыптар бар. Сол жерде қазақшасы толық жазылған. admin сіз осы жердегі сілтемені жазып жіберіңізші……

  2. Мен жаңадан үйреніп жүрмін, сонда да өз ойымды білдіргім келіп отыр. Ағылшын тілінде орыстардағыдай род деген мүлде жоқ, he,she деген тек адамның жынысының көрсеткіші. Ал it деген негізінен жансыз заттарға және жануарларға айтылады, ешқандайда ср.род емес.
    it – есімдігі ары қарай тағы да бөлінеді, оны талқылап жазу керек.

    • Барлық сабақ болу керек. Сайттың басқа беттеріне өтіп көріңіздер.

Leave A Reply