Модальді етістіктер (Modal verbs)

5

Модальді етістіктер деген түсінік қазақ тілінде мүлдем жоқ.  Ал егер қазақ тілінде болмаса, онда оларды грамматикалық емес (қазақ тілі грамматикасында болмағандықтан) түрде түсіндіреміз.

Модальді етістіктер — сөйлемге қатысатын негізгі емес (көмекші есімдіктермен (do, does, did) шатастырмаңыз) етістіктердің тобы. Олардың қатарына мына етістіктер жатады (жақшада өткен шақтағы түрі): can (could), could, may (might), might, must (had to), have to, ought to, should, would, need to.

Модальді етістік қатысқан сөйлемнің мағынасы толық болуы үшін, ол сөйлемде міндетті түрде негізгі етістік болуы тиіс. Мысалы: You can play (Сіз ойнай аласыз). Сұраулы сөйлемге жауап ретінде тек модальді етістікті қолдануға болады. Мысалы: — Can you speak English? — Yes, I can.

Модальді етістіктердің қолданылуы

Модальді етістіктер негізгі етістік болмағандықтан қосымша мағына беру үшін ғана қолданылады. Мысалы, бір әрекетті істеуге тыйым салынғандығы, істей алатындығыңыз (мүмкіншіліктің болуы), істегеніңіз жөн болатындығы, әрекеттің ықтималдылығы жайлы қосымша мағына беру үшін модальді етістіктер қолданылады.

Модальді етістіктерді қолдану ережелері

Модальді етістіктерді қарапайым етістіктерге қатысты ережелерге сай қолдануға болмайды. Бұл топтағы етістіктер жіктелмейді, есімше түрінде келмейді, герундий және инфинитив түрінде (infinitive) кездестіре алмайсыз. Енді осы айтылғандарды мысалмен өрнектейік.

Модальді етістіктер жіктелмейді. Осы шақта барлық есімдіктермен бірдей түрде жазылады. Мысалы, can (әрекетті істеуге мүмкіншілік болу) модальді етістігін әдеттегі етістіктер секілді үшінші жақта етістіктің соңына -s жалғауын жалғай алмаймыз. Немесе жекеше түрде басқаша, көпше түрде басқаша етіп қолданбаймыз.

modalverbs, Модальді етістіктер, Modal Verbs

Есімше (зат есім және сын есім болып келетін етістіктің туындысы) түрінде келмейді. Есімшені ағылшынша Participle дейміз. Мысалы, most played game (көп ойналған ойын) тіркесіндегі “played” сөзі — өткен шақтағы есімше (past participle). Can модальді етістігін “canned” деп қолданбаймыз. Тіпті, одальді етістіктің олай қолданылуы қисынға келмейді, түсініксіз тіркес шығады.

Герундий (Gerund) түрінде келмейді. Герундий дегеніміз заттанған (зат есімнің роліндегі) етістік. Ағылшын тілінде етістікке -ing жалғауы жалғану арқылы герундий жасалады. Мысалы: sleeping (ұйықтау), swimming (жүзу, малту). Swimming is the best for you to be healthy (Шомылу — сіз үшін салауатты (денсаулығы мықты) болудың ең жақсысы). Бұл мысалдағы “swimming” нақ осы шақтағы “шомылып жатыр” деген мағынада емес. Қазақ тіліндегі “шомылу” сөзі етістік емес, зат есім ретінде қолданылып тұр. Мағынасы ауқымды.

Жоғарыда түсіндіргеніміз жеткілікті болса, модальді етістіктің герундий болмайтынына мысал келтірейік. Мысалы, бір әрекетті жасай алу  ең дұрыс амал делік. Оны ағылшынша “Canning is the best” дей алмаймыз. Мұндай ереже грамматикада жоқ.

Ескерту! Canning сөзі ағылшын тілінде “консервілеу” деген сөзбен сәйкес келеді. Бірақ тек жазылуы ғана (омонимдер)

Инфинитив түрінде келмейді. Инфинитив (Infinitive) дегеніміз етістіктің бастапқы формасы. Ол “to” қосымшасы арқылы да қосымшасыз да жасалады.

Модальді етістікті “to” қосымшасымен бірге жазбаймыз. Мысалы: to can немесе to must.

Модальді етістіктердің әр қайсысына алдағы сабақтарымызда жеке-жеке тоқталып, олардың арасындағы айырмашылықтарын айқындап жазамыз.

Поделиться в соц. сетях

0

5 Comments

  1. Неге осыларды бейне сабақ ретінде көрсетпеске сол кезде оңайырақ болар еді

Leave A Reply